Қазақстандық инвесторларға БАӘ, Сауд Арабиясы, Оман, Кувейт, Бахрейн және Мысыр қор нарықтарында бағалы қағаздармен жасалатын операциялар бойынша есеп айырысуларды жүргізу мүмкіндігі жеңілдетіледі.
Қазақстанның Бағалы қағаздар орталық депозитарийі (бұдан әрі – KCSD) Таяу Шығыстағы жетекші қаржы институттарының бірі – First Abu Dhabi Bank (FAB) банкінде кастодиандық шот ашылғаны туралы хабарлайды.
FAB-тағы KCSD шоты арқылы қазақстандық инвесторлар жоғарыда аталған алты елдің қор нарықтарында айналымда жүрген бағалы қағаздармен мәмілелер бойынша есеп айырысулар жүргізе алады, сондай-ақ оларды есепке алу және сақтау мүмкіндігіне ие болады. Бұл нарықтарда ұсынылған инвестициялық құралдардың кең ауқымына қол жеткізу инвестициялық портфельдерді әртараптандыруға және өңірдің қарқынды дамып келе жатқан экономикаларына шығуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қолжетімді құралдар
FAB-тағы KCSD шоты аясында есеп айырысулар үшін келесі қаржы құралдары қолжетімді:
• акциялар (equities)
• мемлекеттік облигациялар
• корпоративтік облигациялар
• сукук (исламдық қарыз құралдары)
• ETF (биржалық инвестициялық қорлар)
Нақты бағалы қағаздардың қолжетімділігі сәйкестікті тексерудің (compliance) стандартты рәсімдеріне сәйкес жеке тәртіпте расталады. Есеп айырысулар T+1 режимінде жүзеге асырылады, бұл мәмілелерді сенімді өңдеуді және посттрейдингтік қызмет көрсетудің тиімділігін қамтамасыз етеді. Бұған дейін KCSD клиенттері өңір құралдарына тек шетелдік делдалдар тізбегі арқылы қол жеткізетін, бұл қосымша қаржылық және уақыт шығындарымен байланысты болатын.
Есеп айырысу валюталары
KCSD-ның FAB-та тікелей шот ашуы бағалы қағаздар бойынша есеп айырысу схемаларын жеңілдетіп, олардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Инвесторлар бағалы қағаздармен жасалатын мәмілелер бойынша есеп айырысуларды бірден тоғыз валютада жүргізе алады: AED – БАӘ дирхамы, SAR – сауд риялы, KWD – кувейт динары, OMR – оман риалы, BHD – бахрейн динары, EGP – мысыр фунты, USD – АҚШ доллары, EUR – еуро, GBP – фунт стерлинг.
"First Abu Dhabi Bank-та шот ашу – Орталық депозитарийдің өңірлік есеп айырысу хабын қалыптастыру стратегиясындағы маңызды қадам. KCSD қазірдің өзінде кең ауқымды депозитарийлер арасындағы (междепозитарлық) көпірлерді қалыптастырған, алайда Таяу Шығыс өңірі осы уақытқа дейін тікелей қолжетімсіз болып келді. FAB-та шот ашу бұл олқылықтың орнын толтырады. Тікелей қосылу делдалдар тізбегін қысқартады, бұл нарықтың кәсіби қатысушылары үшін транзакциялық шығындарды азайтуды, ал қазақстандық инвесторлар үшін инвестициялық мүмкіндіктердің кеңеюін білдіреді", – деп атап өтті KCSD Басқарма төрағасы Еділ Медеу.
Анықтама
First Abu Dhabi Bank (FAB) – БАӘ-нің ең ірі банкі және Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка өңірлеріндегі маңызды қаржы институттарының бірі. Банк халықаралық инвесторлар үшін негізгі делдал және кастодиан ретінде қызмет атқарады және 50-ден астам елді қамтитын кең корреспонденттік желіге ие.
Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі (KCSD) – Қазақстан қаржы нарығындағы посттрейдингтік қызметтер саласының негізгі инфрақұрылымдық ұйымы. KCSD 28 жылдан астам уақыт бойы қызмет көрсетіп келеді. 2025 жылғы желтоқсан айындағы жағдай бойынша KCSD жүйесінде ашылған инвесторлардың брокерлік шоттарының саны шамамен 5 миллионға жетті.
Қазіргі таңда KCSD халықаралық депозитарийлер — Clearstream Banking, Euroclear Bank, Bank of New York Mellon, сондай-ақ Түркия, Әзербайжан, Армения, Қырғызстан және басқа елдердің шетелдік депозитарийлерімен депозитарийлер арасындағы (междепозитарлық) көпірлер орнатқан. KCSD Дүниежүзілік орталық депозитарийлер федерациясы (WFC) кеңесінің мүшесі, сондай-ақ Азия (ACG), Еуразия (AECSD), Еуропа (ECSDA) орталық депозитарийлерінің өңірлік қауымдастықтарына кіреді.