Қазақстан және АДБ облигациялар нарығы жөніндегі нұсқаулықты ұсынады

4 мамыр 2026

Кешенді анықтамалық ASEAN+3 облигациялар нарықтары форумы қолдауымен дайындалды

Астана, Қазақстан – 2026 жылғы 3 мамыр

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) және Азия даму банкі (АДБ) «Қазақстанның облигациялар нарығы жөніндегі нұсқаулықтың» (Bond Market Guide for Kazakhstan) жарияланғанын хабарлайды – бұл Қазақстан тарихындағы алғашқы осындай құжат.

Нұсқаулық ASEAN+3 Bond Market Guide бастамасы аясында дайындалды – бұл ASEAN+3 облигациялар нарықтары форумы (ABMF) жарияланымдарының сериясы, оның хатшылық қызметін АДБ қамтамасыз етеді. Қазақстан Форумға 2025 жылы ресми бақылаушы ретінде қосылды.

Құжат Қазақстанның облигациялар нарығының барлық негізгі аспектілерін қамтиды:

  • нарықтың қалыптасу тарихы және оның дамуындағы негізгі кезеңдер;
  • құқықтық және реттеуші база: бағалы қағаздар туралы заңнама, листинг талаптары, ақпаратты ашу, бейрезиденттердің қолжетімділігі;
  • қарыз құралдарының түрлері: мемлекеттік және корпоративтік облигациялар, ақша нарығы құралдары және исламдық бағалы қағаздар (сукук);
  • KASE және AIX алаңдарындағы сауда, клиринг және есеп айырысу инфрақұрылымы, оның ішінде АХҚО юрисдикциясының ерекшеліктері;
  • салық салу режимі, қатысу құны және шетелдік инвесторлар үшін қолжетімділік шарттары;
  • нарықтың өзекті сын-қатерлері, даму перспективалары және басым бағыттары.

Нұсқаулық Қазақстанның капитал нарығы туралы өзекті әрі жүйелендірілген ақпарат алуға ұмтылатын халықаралық инвесторларға, эмитенттерге, қаржы делдалдарына, реттеушілерге және зерттеушілерге арналған. Құжат АДБ сайтында келесі сілтеме бойынша қолжетімді: https://www.adb.org/publications/bond-market-guide-kazakhstan
.

ТАРАПТАРДЫҢ ПІКІРЛЕРІ

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі
«Облигациялар нарығы экономиканы қаржыландыруда маңызды рөл атқарады және Қазақстанның қаржы нарығын дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Ол нарықтық кірістілік қисығын қалыптастыруды және ақша-кредит саясаты сигналдарының тиімді берілуін қамтамасыз етеді. Осыған байланысты Ұлттық Банк мемлекеттік органдармен және нарық қатысушыларымен бірлесіп инфрақұрылымды дамыту, реттеуді жетілдіру, өтімділікті арттыру және инвесторлық базаны кеңейту бойынша кешенді шараларды іске асыруда. Осы жұмыс аясында Азия даму банкімен бірлесіп Қазақстанның облигациялар нарығы жөніндегі нұсқаулық дайындалды, ол ақпаратты халықаралық стандарттарға сәйкес жүйелейді және нарықтың ашықтығы мен инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған».
Әлия Молдабекова, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі
«Реттеуші ашықтық – инвесторлар сенімінің негізі. Нұсқаулық Қазақстанның бағалы қағаздар нарығының нормативтік-құқықтық базасын егжей-тегжейлі сипаттайды және шетелдік қатысушылар үшін мүмкіндіктерді бағалауда сенімді бағдар береді. Агенттік реттеудің дамуына қарай құжаттың өзектілігін халықаралық үздік тәжірибелерге сәйкес қолдап отыруға ниетті. Қазіргі уақытта Агенттік халықаралық консультанттармен бірлесіп 2030 жылға дейін бағалы қағаздар нарығын дамыту бағдарламасын және капитал нарығы туралы жаңа заңды әзірлеуде. Реформа нарыққа жаңа эмитенттер мен инвестициялық құралдарды тартуға, тұрақты инвесторлық базаны және өтімділікті қалыптастыруға, сондай-ақ барлық қатысушылардың құқықтарын сенімді қорғауға бағытталған».
Нұржан Тұрсынханов, Төраға орынбасары

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі
«Дамыған және өтімді мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы – мемлекеттік қаржы тұрақтылығының және бәсекелі шарттармен инвестициялар тарту қабілетінің негізі. Бұл нұсқаулық халықаралық инвесторларға қазақстандық қарыз құралдары туралы объективті және құрылымдалған ақпарат береді. Қаржы министрлігі нарықты тереңдету және инвесторлық базаны кеңейту бағытын дәйекті түрде жүзеге асыруда».
Дәурен Кенбейіл, Қаржы вице-министрі

«Астана» халықаралық қаржы орталығы
«АХҚО әлемдік деңгейдегі қаржы алаңы ретінде құрылған және облигациялар нарығын дамыту – біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі. Нұсқаулыққа АХҚО-ның құқықтық және нарықтық инфрақұрылымына арналған жеке тараудың енгізілуі жаһандық инвесторларға біздің юрисдикцияның артықшылықтарын толық бағалауға мүмкіндік береді. Бұл жарияланым Қазақстан нарығына халықаралық капитал тартудың тиімді құралына айналады деп сенеміз».
Ренат Бектұров, Басқарушы, АХҚО

Азия даму банкі
«АДБ ASEAN+3 форумы аясында осы нұсқаулықты дайындауда Қазақстанды қолдағанына қуанышты. Бұл жарияланым Қазақстанның өңірлік қаржылық интеграциядағы рөлінің артып келе жатқанын және экономикалық дамуды қолдау үшін халықаралық капитал тартуға деген ұмтылысын көрсетеді. Нұсқаулық инвесторлар мен нарық қатысушылары үшін құнды құрал болады деп сенеміз».
Утсав Кумар, Қазақстандағы АДБ өкілдігінің директоры

Анықтама:

ASEAN+3 облигациялар нарықтары форумы (ABMF) туралы
ABMF 2010 жылы Азия облигациялар нарықтарын дамыту бастамасы (ABMI) аясында құрылды. Форум ақпарат алмасу, саясат және реттеу бойынша ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ ASEAN+3 өңірінде облигациялар нарықтарын интеграциялауға жәрдемдесу үшін жетекші өңірлік алаң болып табылады. Форум хатшылығын Азия даму банкі қамтамасыз етеді.

БАҚ үшін байланыстар

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі: press@nationalbank.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі: press@finreg.kz

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі: administrator@minfin.gov.kz, g.akbasova@minfin.gov.kz

АХҚО: communications@aifc.kz

АДБ: mediarelations@adb.org