Бағалы қағаздар орталық депозитарийі (бұдан әрі – Орталық депозитарий) 2025 жылдың[1] қорытындысы бойынша өз қызметінің нәтижелерін жариялайды .
Жыл цифрлармен:
-
195,80 трлн теңге – Орталық депозитарийдің номиналды ұстауындағы қаржы құралдарының жалпы көлемі. Бір жыл ішінде бұл сома шамамен 10%-ға өсті
-
4,36 млн брокерлік шот – Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесінде. 2025 жылы инвесторлар 1,54 миллион жаңа шот ашты
-
2 878 бағалы қағаздар шығарылымы Орталық депозитарийдің депозитарлық қызмет көрсетуінде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 360 шығарылымға көп
-
29,37 трлн теңге депозитарлық қызмет көрсетудегі мемлекеттік бағалы қағаздар көлемін құрап, 20%-ға жуық өсімді көрсетті
-
119 кәсіби қатысушы Орталық депозитариймен депозитарлық қызмет көрсету шарттарын жасады, бұл 2024 жылғы ұқсас көрсеткіштен 30-ға артық
-
2 252 бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімі Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде. Оның ішінде 1 200 акцияларды ұстаушылар тізілімі, 988 облигацияларды ұстаушылар тізілімі, 64 инвестициялық пай қорларын (ИПҚ) ұстаушылар тізілімі
2025 ЖЫЛҒЫ KCSD НЕГІЗГІ ОҚИҒАЛАРЫ
2025 жылы Орталық депозитарий жаңа функцияларды енгізу және негізгі бизнес-процестерді автоматтандыру арқылы өзінің мынадай цифрлық шешімдерін жетілдіруді жалғастырды:
-
әлемнің 55-тен астам елінен 80 қаржы ұйымының 220-дан астам өкілін, оның ішінде жетекші халықаралық институттар мен ұйымдардың басшыларын біріктірген WFC2025 форумы өткізілді;
-
шетелдік депозитарийлермен және халықаралық ұйымдармен әріптестікті кеңейту шеңберінде Түркия, Әзірбайжан және Тәжікстанның орталық депозитарийлерімен өзара шоттар ашу жүзеге асырылды. Сонымен қатар, Армения, Гонконг, БАӘ және Қырғызстаннан келген бейрезидент-депоненттерге Орталық депозитарийде жеке шоттар ашылды;
-
шетелдік инвесторлар үшін Қазақстан Республикасының облигациялар нарығына арналған capitalmarkets.kz интернет-ресурсы іске қосылды;
-
"Жеке кабинет" платформасында клиенттер үшін, соның ішінде бейрезиденттер үшін ЭЦҚ шығаруды және валидтеуді, банктік шоттарды ашуға және жабуға өтініш беруді, шоттардың жай-күйін қарауды, Орталық депозитарийдегі және екінші деңгейдегі банктердегі меншікті банктік шоттар арасындағы аударымдарды, сондай-ақ есепке алу жүйесінен ақпаратқа сұраныстарды оңайлатылған өңдеуді қоса алғанда, жаңа функциялар іске асырылды;
-
байланыс орталығының жұмысын автоматтандыру, клиенттермен өзара іс-қимылды оңтайландыру және қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін кешенді бағдарламалық қамтылымды сәтті пилоттық пайдалану жүргізілді;
-
Euroclear және Clearstream есепке алу ұйымдарындағы белсенді шоттар бойынша аударымдар автоматтандырылды, бұл операцияларды орындау уақытын едәуір қысқартты;
-
тіркеу қызметін көрсетуге бағалы қағаздарды қабылдаудың және оларға қызмет көрсетуді тоқтатудың бизнес-процестерін автоматтандыру үшін бағдарламалық қамтылым әзірленіп, енгізілді;
-
халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары және шетелдік қаржы құралдары бойынша корпоративтік оқиғаларды сүйемелдеуді автоматтандыру үшін бағдарламалық қамтылым енгізілді;
-
талап етілмеген ақшаны есепке алуды автоматтандыруға арналған бағдарламалық қамтылым пысықталды;
-
төлем агенті қызметінің шеңберінде табыс төлемдерінің нәтижелері бойынша бөлінбеген қаражатты аудару процесі автоматтандырылды;
-
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шығарылған бағалы қағаздар бойынша төлем агентінің функцияларын автоматтандыру үшін бағдарламалық қамтылым жетілдірілді.
ESG-ЕСЕП
Орталық депозитарий алғаш рет Орталық депозитарийдің орнықты даму саясатының (ОДС) талаптарына сәйкес дайындалған жылдық есептің бөлігі ретінде ESG-есебін жариялады.
ESG-есебінде Орталық депозитарийдің қызметі мен бастамалары туралы үш негізгі бағыт бойынша ақпарат ашылады: экологиялық (Environmental), әлеуметтік (Social) және басқару (Governance).
2025 жылы Орталық депозитарий 2023–2025 жылдарға арналған Орнықты даму саясатын (ОДС) іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындауды аяқтады. Көрсетілген жоспарды және ОДС-ны іске асыру қорытындыларын ескере отырып, Орталық депозитарий ОДС-ны іске асыру жөніндегі 2026–2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Жаңа жоспарға ESG бағыттары бойынша ОДС ережелерінің кешенді орындалуын қамтамасыз ететін 26 іс-шара енгізілген.
KCSD-дің 2025 жылғы жылдық есебінің толық нұсқасымен сілтеме бойынша танысуға болады.
[1] Баспасөз релизіндегі деректер 2026 жылғы 1 қаңтарға көрсетілген