2025 жылғы 1 ақпанда Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесіндегі (KCSD) брокерлік шоттардың жалпы саны 3 723 941 шотқа жетті, оның ішінде 686 679 шот ұстаушылардың қосалқы шоттарына және 3 037 262 – омнибус-шоттар* арқылы есепке алынатын ұстаушылардың брокерлік шоттарына тиесілі.
2025 жылғы қарашада Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесіндегі шоттардың жалпы саны 223 155-ке немесе 6,4%-ке өсті. Өсім омнибус-шоттар арқылы есепке алынатын ұстаушылардың брокерлік шоттарына тиесілі, олар көрсетілген кезеңде 221 889-ға немесе 7,9 %-ке ұлғайды, ал ұстаушылардың қосалқы шоттары 1 266 шотқа немесе 0,2 %-ке ұлғайды.
Төменде KCSD есепке алу жүйесінде тікелей ашылған қосалқы шоттар туралы деректер негізінде жасалған қазақстандық инвестордың портреті берілген. Қаржы құралдары омнибус-шоттарда есепке алынатын инвесторлар туралы ақпарат Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жария етілмейді.
Инвесторлардың гендерлік бөлінісі бұрын қалыптасқан үрдістерді сақтауды жалғастыруда: әйел-инвесторлардың үлесі 49,8% деңгейінде сақталса, ер инвесторлардың үлесі әлі де 50,2 % құрайды. Бұл тұрақты тепе-теңдік 2023 жылдың сәуірінен бастап сақталып келеді.
Инвесторлардың ең көп саны дәстүрлі түрде 35 пен 54 жас аралығындағы топ болып табылады, ол қаңтар айында инвесторлардың жалпы санының 40 % құрады.
Инвесторлар құрылымында екінші орынды 25 пен 34 жас аралығындағы адамдар алады. Осы айда олардың үлесі өзгерген жоқ, бұл бұрынғысынша инвесторлардың жалпы санының 32,1 % құрады.
Үшінші топта 55 жастан асқан инвесторлар орналасқан, олардың үлесі 14,6 % құрады.
Аумақтық бөлініс бойынша көшбасшылықты дәстүрлі түрде Алматы (21,2 %) және Астана (11,18 %) сақтап қалды.
Үшінші орында Түркістан облысы (9,4 %) тұр, ол 2022 жылдың наурыз айынан бастап өз позициясын сақтап келеді.
Инвесторлардың ең аз саны Солтүстік Қазақстан облысында тұрады, онда қосалқы шоттар саны Қазақстан бойынша инвесторлардың жалпы санының 1,7 % ғана құрайды.
* "омнибус-шот" – клиенттік активтердің жиынтық есебін жүргізуге мүмкіндік беретін шоттың арнайы типі.