2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесіндегі (KCSD) шоттардың жалпы саны 4 064 165 шотқа жетті, оның ішінде 689 912 шот ұстаушылардың қосалқы шоттарына және 3 374 253 – Орталық депозитарийдегі омнибус-шоттар* арқылы есепке алынатын ұстаушылардың брокерлік шоттарына тиесілі.
2025 жылғы сәуірде Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесіндегі шоттардың жалпы саны 93 662 немесе 2,4 % өсті. Өсім омнибус-шоттар арқылы есептелетін ұстаушылардың брокерлік шоттарына түседі. Көрсетілген кезеңде олар 92 778 немесе 2,8 % ұлғайды, бұл ретте ұстаушылардың қосалқы шоттары 884 шотқа немесе 0,1% өсті.
Төменде Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде тікелей ашылған қосалқы шоттар туралы деректер негізінде жасалған қазақстандық инвестордың портреті берілген. Қаржы құралдары омнибус-шоттарда есепке алынатын инвесторлар туралы ақпарат Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жария етілмейді.

Инвесторлардың гендерлік бөлінісі бұрын қалыптасқан үрдістерді сақтауды жалғастыруда: әйел инвесторлардың үлесі 49,8% деңгейінде сақталса, ер инвесторлардың үлесі әлі де 50,2 % құрайды. Бұл тұрақты тепе-теңдік 2023 жылдың сәуірінен бастап байқалады.
Инвесторлардың ең көп саны дәстүрлі түрде 35 пен 54 жас аралығындағы топ болып табылады, ол сәуір айында инвесторлардың жалпы санының 40,5 % құрады.
Инвесторлар құрылымында екінші орынды 25 пен 34 жас аралығындағы адамдар алады. Осы айда олардың үлесі өзгерген жоқ, бұл бұрынғысынша инвесторлардың жалпы санының 32,2 % құрайды.
Үшінші топта 55 жастан асқан инвесторлар орналасқан, олардың үлесі 14,8 % құрады.
Аумақтық бөлініс бойынша көшбасшылықты дәстүрлі түрде Алматы (21,6 %) және Астана (11,1%) сақтап қалды.
Үшінші орында Түркістан облысы (9,4%) тұр, ол 2022 жылдың наурыз айынан бастап өз позициясын сақтап келеді.
Инвесторлардың ең аз саны Солтүстік Қазақстан облысында тұрады, онда қосалқы шоттар саны Қазақстан бойынша инвесторлардың жалпы санының 1,7% ғана құрайды.
* "омнибус-шот" – клиенттік активтердің жиынтық есебін жүргізуге мүмкіндік беретін шоттың арнайы типі.