Қазақстандық инвестордың 2025 жылғы 1 қазандағы портреті

8 қазан 2025

2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесіндегі (KCSD) шоттардың жалпы саны 4 620 742 шотқа жетті, оның ішінде  695 311 шот ұстаушылардың қосалқы шоттарына және 3 925 431  – Орталық депозитарийдегі омнибус-шоттар* арқылы есепке алынатын ұстаушылардың брокерлік шоттарына тиесілі.    

2025 жылғы қыркүйекте Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесіндегі шоттардың жалпы саны  161 174  немесе 3,6 % өсті. Өсім омнибус-шоттар арқылы есептелетін ұстаушылардың брокерлік шоттарына түседі.

Көрсетілген кезеңде олар 160 154   немесе 4,3 % ұлғайды, бұл ретте ұстаушылардың қосалқы шоттары 1 021 шотқа немесе 0,1% өсті.  

Төменде Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде тікелей ашылған қосалқы шоттар туралы деректер негізінде жасалған қазақстандық инвестордың портреті берілген. Қаржы құралдары омнибус-шоттарда есепке алынатын инвесторлар туралы ақпарат Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жария етілмейді.

Инвесторлардың гендерлік бөлінісі бұрын қалыптасқан үрдістерді сақтауды жалғастыруда: әйел инвесторлардың үлесі 49,8% деңгейінде сақталса, ер инвесторлардың үлесі әлі де 50,2 % құрайды. Бұл тұрақты тепе-теңдік 2023 жылдың сәуірінен бастап байқалады.

Инвесторлардың ең көп саны дәстүрлі түрде 35 пен 54 жас аралығындағы топ болып табылады, ол қазан айында инвесторлардың жалпы санының 41,3 % құрады.

Инвесторлар құрылымында екінші орынды 25 пен 34 жас аралығындағы адамдар алады. Осы айда олардың үлесі өзгерген жоқ, бұл бұрынғысынша инвесторлардың жалпы санының 32,4 % құрайды.

Үшінші топта 55 жастан асқан инвесторлар орналасқан, олардың үлесі 15,2 % құрады.

Аумақтық бөлініс бойынша көшбасшылықты дәстүрлі түрде Алматы (22 %) және Астана (11,1%) сақтап қалды. 

Үшінші орында Түркістан облысы (9,3%) тұр, ол 2022 жылдың наурыз айынан бастап өз позициясын сақтап келеді.

Инвесторлардың ең аз саны Солтүстік Қазақстан облысында тұрады, онда қосалқы шоттар саны Қазақстан бойынша инвесторлардың жалпы санының 1,7% ғана құрайды. 

 

* "омнибус-шот" – клиенттік активтердің жиынтық есебін жүргізуге мүмкіндік беретін шоттың арнайы типі.