Тіркеу және депозитарлық қызметті жүзеге асыру қағидаларына (ерекше бөлім) № 11 өзгерістер бекітілді

2026-11-03 12:00

Сырттай дауыс беру 2026 жылғы 28 қазанда өткен "Бағалы қағаздар орталық депозитарийі" АҚ (Орталық депозитарий) Директорлар кеңесінің шешімімен Тіркеу және депозитарлық қызметті жүзеге асыру қағидаларына (ерекше бөлім) № 11 өзгерістер (түзетулер) бекітілді.

Жоба мыналарды көздейді:
–    құралдар шығарылымын жоюды тіркеу мерзімін № 210* Қағидалардың 45 тармағының нормасына сәйкес келтіру;
–    Ұлттық Банк шығарған қысқа мерзімді ноталарды орналастыру кезінде жасалған сатып алу-сату мәмілесін тіркеу тәртібін айқындау;
–    Қазақстан Республикасының муниципалдық облигацияларын орналастыру кезінде жасалған сатып алу-сату мәмілесін тіркеу тәртібін нақтылау;
–    Қағидалар жинағында көрсетілуі № 210 қағидалардың 37-тармағында белгіленген пайларды орналастыру кезінде жасалатын инвестициялық пай қорының пайларын сатып алу-сату бойынша биржалық мәмілені тіркеу тәртібін айқындау;
–    ұйымдастырылмаған нарықта инвестициялық пай қорының пайларын орналастыруды тіркеу тәртібін нақтылау;
–    тіркеу кезінде Орталық депозитарийдің жекелеген іс-әрекеттерін орындау мерзімдерін белгілеуді қоса алғанда, Орталық депозитарийдің номиналды ұстауына құралдарды енгізу және құралдарды Орталық депозитарийдің номиналды ұстауынан шығару тәртібін нақтылау.

Түзетулер 2026 жылғы 23 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.

Орталық депозитарийдің тіркеу және депозитарлық қызметті жүзеге асыру қағидаларына (ерекше бөлім) № 11 өзгерістер Орталық депозитарийдің интернет-ресурсының [Қағидалар] бөлімінің [Тіркеу және депозитарлық қызмет] кіші бөлімінің [Өзгерістер мен толықтырулар] қойындысында жарияланды.

Орталық депозитарийдің түзетулерге сәйкес өзектендірілген Тіркеу және депозитарлық қызметті жүзеге асыру қағидаларының мәтіні (ерекше бөлім) Орталық депозитарийдің интернет-ресурсының [Қағидалар] бөлімінің [Тіркеу және депозитарлық қызмет] кіші бөлімінің [Қолданыстағы редакциясы] қойындысында жарияланды.

* Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 22 қазандағы № 210 қаулысымен бекітілген Эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді, эмиссиялық бағалы қағаздар жөніндегі эмитенттердің міндеттемелері бойынша талап ету құқықтарын беруді номиналды ұстауды есепке алу жүйесінде және бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімі жүйесінде тіркеу, орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде және (немесе) номиналды ұстауды есепке алу жүйесінде тіркелген тұлғаның жеке шотынан үзінді- көшірмені беру және номиналды ұстаушының номиналды ұстауындағы бағалы қағаздары бар клиенттер туралы ақпаратты орталық депозитарийдің және эмитенттің талап етуі бойынша табыс ету қағидалары.