Соңғы кезде бұқаралық ақпарат құралдарында "AltynEx Company" АҚ акцияларына қатысты жарияланымдар пайда бола бастады. Осы жарияланымдарда Бағалы қағаздар орталық депозитарийі "акцияларды сот шешімінсіз қайта рәсімдеді" және "заңды иесін меншік құқығынан айырды", "Қазақстанның бағалы қағаздар орталық депозитарийі күтпеген жерден AltynEx Company акцияларын дербес қайта ресімдеді" деп атап көрсетілген. Біз бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын және түсіндіруді қажет ететінін жариялағымыз келеді.
Бағалы қағаздар орталық депозитарийі – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағалы қағаздарды есепке алу, мәмілелерді тіркеу және оларға құқықтарды растау функцияларын орындайтын мамандандырылған коммерциялық емес ұйым.
Орталық депозитарий заңнаманың талаптарын қатаң сақтайды және тіркелген тұлғалардың жеке шоттары (қосалқы шоттары) бойынша жазбаларға өз бетінше өзгерістер енгізбейді. Қарастырылып отырған жағдайда, Орталық депозитарий сот шешімдерін мәжбүрлеп орындау жөніндегі әрекеттерді орындауға заңмен уәкілеттік берілген сот орындаушысының қаулысын орындады.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот орындаушысының қаулысы ол шығарылған күннен бастап күшіне енеді және міндетті түрде орындалуы тиіс. Қаулыны орындамау үшін жауапкершілік көзделген.