Қазақстанда шетелдік инвесторларға ақпараттық портал іске қосылды

30 желтоқсан 2025

Бағалы қағаздар орталық депозитарийі (KCSD) Қазақстандық қор биржасымен (KASE) бірлесіп шетелдік және жергілікті инвесторлар үшін қазақстандық облигациялар нарығы туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыру мақсатында Capital Markets Kazakhstan ақпараттық порталын іске қосты. Жаңа ресурста облигациялар нарығының құрылымы, оның қаржы институттары, реттеуші ортасы және қолжетімді бағалы қағаздар туралы мәліметтер жинақталған.

Бұл порталды іске қосу АСЕАН+3 елдерінің облигациялық нарықтарды дамыту жөніндегі азиялық бастамасы (Asian Bond Market Initiave) шеңберінде қазақстандық ұлттық облигациялар нарығын дамыту және ілгерілету жөніндегі кешенді бағдарламаның бөлігі болып табылады. Қазақстан тарапынан осы бағыттағы жұмыстарды Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен және АХҚО-мен бірлесіп іске асырады.

Порталдың негізгі мақсаты – халықаралық және жергілікті инвесторлар арасында Қазақстанның облигациялар нарығы туралы хабардар болу деңгейін және халықаралық капитал нарықтарындағы ұлттық облигациялар нарығының инвестициялық тартымдылығын арттыру болып табылады.

Бұның маңыздылығы неде?

Шетелдік инвесторлардың Қазақстанның борыштық құралдарына қызығушылығының артуы аясында мемлекеттік бағалы қағаздар ерекше рөл атқарады, оларды дәстүрлі түрде инвесторлар жергілікті нарықта инвестициялау үшін базалық және ең аз тәуекелді құрал ретінде қарастырады. Соңғы жылы шетелдік инвесторлар қазақстандық мемлекеттік бағалы қағаздар (МБҚ) нарығындағы инвестициялар көлемін едәуір ұлғайтты: 2025 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында KCSD есепке алу жүйесіндегі Қазақстан МБҚ-ға бейрезиденттер салымдарының көлемі 69%-ға, яғни 1 трлн теңгеден 1,8 трлн теңгеге дейін өсті, бұл олардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік борыш құралдарына деген қызығушылығының артып келе жатқанын растайды.

"Capital Markets Kazakhstan порталын құра отырып, біз бірінші кезеңде шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанның облигациялар нарығы туралы деректерге қол жеткізуді жеңілдетуге және Қазақстанның қаржылық ландшафтымен түсінікті және ашық "жақын болуға" тырыстық. Қазір портал пилоттық режимде іске қосылды және бұдан әрі қарай белсенді түрде дамып, қосымша ақпаратпен толықтырылатын болады", - деді Орталық депозитарийдің Басқарма төрағасы Еділ Медеу.

"KASE осы жобаны инвесторлар үшін сауда алаңын, инфрақұрылымды және ақпараттық сервистерді біріктіретін капитал нарығының цифрлық экожүйесін қалыптастыру бөлігі ретінде іске асырады. Биржа порталға облигацияларды, акцияларды және нарықтық индекстерді қоса алғанда, сауда-саттық және құралдар туралы деректерді жинақтайды, халықаралық аудитория үшін қазақстандық бағалы қағаздар нарығы туралы ақпаратқа ашық әрі ыңғайлы қолжетімділікті қамтамасыз етеді", - деп атап өтті KASE Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов.

Порталда реттеуші ортаға ерекше назар аударылды: пайдаланушылар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметімен таныса алады. Сондай-ақ сайтта қолжетімді инвестициялық құралдар: мемлекеттік және корпоративтік облигациялар, акциялар және нарықтық индекстер туралы ақпарат берілген.

Порталдағы мәліметтер ел экономикасының жай-күйі мен серпіні туралы жалпы түсінік қалыптастыратын ресми макроэкономикалық шолулар мен талдамалық есептерге сілтемелермен толықтырылады. KASE және KCSD қоса алғанда, нарықтың негізгі қатысушыларының жиынтық жаңалықтар лентасы инвесторларды облигациялар нарығындағы оқиғалар туралы өзекті және сенімді ақпаратпен қамтамасыз етеді. 

Портал ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.

Анықтама үшін: 

Бағалы қағаздар орталық депозитарийі (KCSD) – Қазақстанның посттрейдингтік қызметтер саласындағы қазақстандық қаржы нарығының негізгі инфрақұрылымдық ұйымы. KCSD 28 жылдан астам қызмет көрсетеді. 2025 жылдың желтоқсан айындағы жағдай бойынша KCSD жүйесінде ашылған инвесторлардың брокерлік шоттарының саны шамамен 5 миллион бірлікті құрады. Номиналды ұстау жүйесіндегі клиенттер активтерінің номиналды көлемі 179 трлн теңгені құрайды.
KCSD WFC кеңесінің, сондай-ақ Азия (ACG), Еуразия (AECSD), Еуропа (ECSDA) орталық депозитарийлерінің өңірлік қауымдастығының мүшесі болып табылады.

"Қазақстан қор биржасы" АҚ Орталық Азия өңіріндегі жетекші қор биржасы болып табылады. KASE бағалы қағаздармен сауда-саттық көлемі бойынша ТМД биржалары арасында екінші және FEAS биржаларының акциялар нарығын капиталдандыру көлемі бойынша төртінші орынды иеленді. Бұл корпоративтік және мемлекеттік бағалы қағаздар, халықаралық қаржы ұйымдарының облигациялары, шетел валюталары, ақша нарығының операциялары – репо және валюталық своп, сондай-ақ туынды құралдар үшін әмбебап сауда алаңы болып табылады.  KASE халықаралық биржалар Федерациясының (WFE), Еуро-Азия қор биржалары Федерациясының (FEAS), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері биржаларының халықаралық қауымдастығының (ТМД БХҚ) және басқа да халықаралық және отандық кәсіби бірлестіктердің мүшесі, сондай-ақ БҰҰ-ның "Тұрақты қор биржалары" – Sustainable Stock Exchanges Initiative бастамасының қатысушысы болып табылады.